Әлемде талай қызық бар...
Құрметті оқырмандар! Бүгін біз тағы да әлемдегі қызықты мәліметтердің кейбірін назарларыңызға ұсынамыз:
Алып жемістер
Біз көбіне жерде өсетін көкөніс-жеміс
біткеннің ең үлкені деп қауын-қарбызды ойлаймыз. Негізінде салмағы мен
көлемі жағынан үлкен жеміс Сейшель аралында өсетін пальманың жаңғағы
екен. Оның диаметрі жарты метрге жетіп, 25 кг-ға дейін салмақ қосады.
Бір пальма осындай отыз жемістен бере алады. Олардың қабығы өте қатты
болады және баяу жетіледі. Гүлденгеннен кейін төртінші жылы ғана көлемі
өсіп, пісуіне тағы екі жыл керек екен. Ұзындығы 90 см, ені 50 см-ге
жуық. Бұл ағаш жемісінен жергілікті тұрғындар қамыр илеп, нан пісіреді.
Дегенмен, ең ірі жемістер ағаш басында өспейді деген пікір дұрыс. Көкөністің ішіндегі ең ірісі–асқабақ.
Көп сүт беретін ағаш
Бразилияда сүт
беретін ағаш бар, ол Амазонка өзенінің жағасында өседі. Жергілікті халық
оны «сорвейра» деп атайды, қазақшаға аударғанда «емшек» дегенді
білдіреді екен. Сол сорвейра ағашының бір жерін кертіп қалса, одан сүт
тәрізді ақ шырын саулап қоя береді. Өзі сүттен сәл қышқылдау. Сондықтан,
оны алғаш тағам ретінде пайдалана қоймаған. Кейіннен ботаниктер
зерттеп, оның сиыр сүтінен ешбір кем еместігін анықтаған. Халықтың
айтуынша, ақ шырынға аздап су қосып пісірсе, сүттен дәмі айнымай қалады
екен. Ағашты бір сауғанда 2-4 литрге дейін сүт алуға болады екен. Таңғажайып ағаштар туралы мына материалымызда да айтып өткен едік.
Ең ұзақ есім
Бұл дүниеде есімнің
ұзындығы жөнінен үнділік Брахматмамен таласа қояр пенде табыла қояр ма
екен? Оның атының ұзындығы сондай, есте сақтау мүмкін емес. Есімді айту
үшін кемінде 10 минут керек. Ол 1478 әріптен тұрады, иесі өзіне өзі
қойып алған есім тарихи орындардың, атақты адамдардың, тағы басқа
нәрселердің атауларынан біріктіріліп құрастырылған екен. Брахматманың
бұрынғы аты да тілге оңай емес: Хумананоджасваматашетаргандас.
Алып ара
Индонезияның қалың
ормандарында алып ара тұқымы табылды. Америкалық бір газеттің жазуына
қарағанда, араның ұзындығы 5 см. Бір қызығы ол термиттермен бейбіт өмір
сүретін көрінеді.
Шымкенттік ғалымдар жеміс-жидектен чипс жасап шықты
М.Әуезов
атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті азық түлік өндірісі
технологиялары кафедрасының мамандары жеміс-жидектерден қытырлақ картоп
(чипс) жасап шықты, деп хабарлайды Астана арнасы. Жаңа өнімді жасап
шыққан ғалымдар оны кәдімгі чипстерге қарағанда адам ағзасына пайдалы
деп сендіріп отыр.
Кафедра профессоры Әзірет
Шыңғысовтың сөзінше, жеміс-жидек чипсінің жасалу технологиясы өнімнің
құрамында дәрумендердің мейлінше көп сақталуына кепілдік береді. Одан
бөлек, жеміс-жидек чипсінің құрамында қант пен басқа да қоспалар
болмайды.
Жастардың сүйікті асына айналып үлгерген
қытырлақ картоп тек алма мен шабдалыдан жасалынған. Бірақ, ойлап
табушылар әзірге чипстерді сатылымға шығаруға ертерек дегенді айтып
отыр. Оған себеп оны жасау технологиясының әлі де болса жетілмегендігі.
Ғалымдар тобы алдағы уақытта өздері жасаған өнімге патент алып, оның
кәдімгі чипстермен бәсекелес тағамға айналарына сенімді.
Шымкенттік ғалымдар жеміс-жидек чипсінің ресми таныстырылымын Астанадағы EXPO-2017 көрмесінде ұсынуды жоспарлап отыр.